Eліміздe eкінші дeңгeйлі бaнктeр жeкe тұлғaғa нeсиe бeргeндe oғaн aй сaйын төлeуі үшін нeсиe шoтын aшып oтырғaн, сoл нeсиe шoтын aшқaны жәнe oны нeсиe жaбылғaншa ұйымдaстырғaны үшін бaнктeр комиссия ұстап келген. Себебі банктер жеке тұлғаға несие шотын ашу және оны ұйымдастыруды бөлек банктік операциялар деп есептеп, комиссияларды банктік қарыз шартына қосқан және комиссиялардың мөлшерін несиені төлеу кестесінде көрсеткен.
Алайда «Ақша төлемі мен аударым туралы» ҚР Заңына сәйкес, несие шоттары банктік шоттарға жатпайды. Яғни, жеке тұлғаларға несиені ай сайын төлеп тұру үшін банктер ашқан несие шоттары бойынша ешқандай бөлек банктік операциялар жүргізілмейді. Осыған орай, Tengrinews.kz тілшісі мұндай заңсыз комиссияларды қалай қайтарып алуға болатынын заңгерден сұрап білді.
Астаналық заңгер Ержан Сиюбаевтың айтуынша, 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін алынған несиелер бойынша төленген комиссияларды қайтарып алуға болады.
«ҚР Ұлттық Банкі екінші деңгейлі банктердің жеке тұлғаларға несие бергенде несие шоттарын ашу және оны ұйымдастыру үшін ұстаған комиссияларын заңсыз деп танып, бұл банктерге жеке тұлғалардан заңсыз ұстаған комиссиялар қайтарылуы керектігі туралы 2012 жылдың 9 ақпанында № 667/206/740 хат жолдаған. Бірақ екінші деңгейлі банктер заңсыз ұсталған комиссияларды жеке тұлғаларға өз еркімен қайтаруға асықпайды. Сол себепті жеке тұлғалар талап арызбен сотқа жүгініп, заңсыз ұсталған комиссияларды банктерден қайтарып алып жатыр», — дейді ол.
Ал «комиссияны кредит жабылып қойған болса да алуға бола ма?» деген сұрағымызға маман несие жабылғаннан кейін де қайтарып алуға болатынын мәлімдеді. Алайда несие жабылғаннан кейін үш жыл ішінде әрекет ету қажет екен.
«Заңсыз ұсталған комиссияны несие жабылғаннан кейін де қайтарып алуға болады, бірақ несие жабылғаннан күннен бастап жеке тұлға үш жылдың ішінде сотқа талап арызбен комиссияны қайтаруды сұрап, жүгінуі қажет. Себебі Азаматтық Кодекстің 178, 179-баптарының талабына сәйкес, талап қою мерзімі үш жыл болып белгіленген», — деді Сиюбаев.
Сонымен қатар, заңгердің айтуынша, мұндай комиссияны барлық несие түрінен көруге болады, бірақ мұндай комиссияны банктердің барлығы қоспайды.
«Несиені алған кезде осындай комиссия үшін банк ақша ұстаған болса, біріншіден, жеке тұлға өзінің алған несиесі бойынша банкке комиссия төлегенін не төлеп жатқанын білуі үшін несиені төлеу кестесіне көз жүгіртуі керек, себебі несиені төлеу кестесінде комиссия туралы бөлек баған болады. Екіншіден, банк заңсыз ұстаған комиссияның мөлшерін есептеп, шыққан сомадан 1 пайыз мемлекеттік баж төлеп, сотқа заңсыз ұсталған комиссияны банктен өндіру туралы талап арызбен жүгінуі керек. Егер жеке тұлғаға комиссияны қайтарып алу үшін көмек қажет болса, банктік қарыз шартын және несиені төлеу кестесін алып заңгерге немесе адвокатқа жүгіне алады», — дейді ол.
Еске салайық, күні кеше әділет министрі Марат Бекетаев Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Банктерге несие берумен және қызмет көрсетумен байланысты шоттар бойынша комиссия алуға тыйым салу туралы айтқан еді.
«Несие беру және қызмет көрсетумен байланысты шот бойынша комиссияларды алуға тыйым салу ұсынылады. Осы мақсатта банктерге кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес банктік қарыз беру шарттары бойынша, сондай-ақ, банктік шотқа қарыз есептеуге, банктік шотты жүргізгені үшін комиссия белгілеуге және алуға шектеу қою қаралған. Себебі бұл операциялар — несиелеу процесінің құрамдас бөлігі. Сондықтан олар бойынша жеке тұлғалардан қосымша комиссиялар алынбауы тиіс», — деген еді Бекетаев.